Қазіргі кезеңдегі жаһандану үрдісі мен әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мемлекеттер мен қоғамдардың саяси құндылықтар жүйесіне айтарлықтай әсер етуде. Әсіресе, посткеңестік кеңістіктегі елдер үшін саяси мәдениет пен құндылықтық бағдарлардың трансформациясы өзекті зерттеу нысанына айналды. Қазақстандық қоғамның саяси құндылықтары да соңғы онжылдықтарда айтарлықтай өзгерістерге ұшырап, жаңа саяси шынайылыққа бейімделу процесін бастан кешіріп жатыр.
Бұл мақалада Қазақстандағы саяси құндылықтар жүйесінің трансформациясы мен азаматтық белсенділік деңгейі талданады. Зерттеу барысында 2011 және 2018 жылдары өткізілген World Values Survey (WVS) әлеуметтік сауалнамаларының және Фридрих Эберт қорының зерттеу нәтижелері пайдаланылды. Рональд Инглхарттың концептуалдық әдіснамасына сүйене отырып, қазақстандықтардың саяси құндылықтарындағы өзгерістер мен олардың қоғамдағы көріністері бағаланды. Зерттеу нәтижелері Қазақстан қоғамындағы саяси құндылықтардың консервативтік сипатын көрсетеді, мұнда отбасы құндылықтары, еңбекқорлық және әлеуметтік әділеттілік басымдыққа ие. Саяси белсенділік көрсеткіштері төмен болғанымен, соңғы жылдары онлайн петициялардың саяси қатысу формасы ретінде дамуы байқалады. Жемқорлықпен күрес пен экономикалық өрлеу халық үшін негізгі басымдықтар болып анықталды.

