Мақалада Орталық Азиядағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық Қытай, Ресей және Америка Құрама Штаттары арасындағы геосаяси бәсекелестіктің саяси мәні бар кеңістігі ретінде талданады. Зерттеудің негізгі тұжырымы бойынша, аймақтағы мәдени дипломатияны тек достық байланыс немесе ықпалдың автоматты түрде нәтиже беретін «жұмсақ күш» тетігі ретінде түсіндіру жеткіліксіз. Ол тіл саясаты, стипендиялық бағдарламалар, университетара-лық серіктестік, сараптамалық форумдар, мәдени мұра жобалары, даму туралы нарративтер және қоғамдық дипломатия арқылы іске асатын нақты институционалдық үдеріс ретінде көрінеді. Әдіснамалық тұрғыдан зерттеу 2013-2025 жылдар аралығындағы академиялық әдебиеттерге, ресми мәлімдемелерге және ашық саясаттық материалдарға сүйенген сапалық салыстырмалы талдауға негізделді.
Нәтижелер үш модельді айқындайды: Қытай мәдени ынтымақтастықты «Бір белдеу, бір жол» бастамасының байланыстылық және модернизация логикасымен ұштастырады; Ресей тарихи жадыға, орыс тілді инфрақұрылымға және посткеңестік институционалдық сабақтас-тыққа сүйенеді; АҚШ егемендік, орнықтылық, білім алмасу, ағылшын тілінің кәсіби беделі және C5+1 платформасы арқылы әрекет етеді.
Қорытындыда Орталық Азия мемлекеттері сыртқы күштердің пассивті объектісі емес, көпвекторлы дипломатия арқылы сыртқы ықпал жобаларын таңдап қабылдайтын, бейімдейтін немесе шектейтін дербес акторлар екені негізделеді.
