«Спорт және аутизм: Қазақстандағы әлеуметтік бейімделу тәжірибесі» атты зерттеуде аутизм спектрі бұзылыстары (АСБ) тек нейроонтогенездік сипаттағы медициналық құбылыс ретінде емес, қоғамның инклюзивтік әлеуетін, институционалдық икемділігін және ресурстарды бөлу логикасын айқындайтын әлеуметтік-институционалдық индикатор ретінде пайымдалады. АСБ диагноздарының өсуі эпидемиологиялық дерек қана емес, диагностикалық режимдердің трансформациясы мен нейроалуандылықты мойындаудың кеңеюі мен байланысты әлеуметтік-мәдени үдеріс ретінде талданады. Бұл жағдай декларативті инклюзия мен нақты институционалдық практика арасындағы құрылымдық кернеуді көрсетеді және әлеуметтік саясаттың мазмұндық қайта қаралуын талап етеді.
Зерттеудің мақсаты — Қазақстан контексінде дене мәдениеті мен адаптивті спорттың АСБ бар тұлғалардың әлеуметтік бейімделуіндегі рөлін теориялық және эмпирикалық деңгейде талдау. Біз спортты тек реабилитациялық құрал ретінде емес, әлеуметтік агенттілікті күшейтетін, денелік-коммуникативтік кеңістік құратын институционалдық медиатор ретінде қарастырамыз. Мұндай тұжырым спорттың әлеуметтік қатысу формаларын кеңейтуге және символдық мойындалуды қамтамасыз етуге ықпал ететінін болжауға мүмкіндік береді.
Эмпирикалық база (N = 177) ата-аналар мен ересек қатысушылар арасында жүргізілген сауалнама нәтижелеріне негізделген. Деректер жүйелі спорттық белсенділік коммуникативтік құзыреттердің, автономдылықтың және субъективті әл-ауқаттың артуымен өзара байланысты екенін көрсетеді. Сонымен қатар инфрақұрылымдық және кадрлық шектеулер анықталып, нормативтік инклюзия мен оны жүзеге асыру практикасы арасындағы институционалдық алшақтық айқындалды.
Зерттеу нәтижелері адаптивті спортты әлеуметтік саясат пен қоғамдық денсаулық жүйесінің стратегиялық бағыты ретінде институционалдандырудың маңызын негіздейді және инклюзивтік модельді жүзеге асыруда құрылымдық теңгерімсіздіктерді жою қажеттігін көрсетеді.

