Мақалада жасанды интеллекттің жастардың еңбекке орналасу стратегияларына ықпалы постантропоцентризм, цифрлық онтология, task-based еңбек талдауы және мансаптық бейімделу теориялары негізінде қарастырылады.
Зерттеу эмпирикалық сауалнама немесе эксперимент нәтижесін ұсынбайды, оның мақсаты – халықаралық ғылыми әдебиеттер мен ресми талдамалық баяндамалар негізінде жастардың еңбек нарығына кіру логикасында байқалып отырған өзгерістерді теориялық тұрғыдан жинақтау. Материалдар 1994–2025 жылдар аралығында жарияланған рецензияланған мақалалардан, монографиялардан, OECD, ILO, World Economic Forum есептерінен және Қазақстан Республикасының ресми еңбек нарығы статистикасынан іріктелді.
Әдебиеттерді талдау жасанды интеллект жастарға үш негізгі арна арқылы әсер ететінін аңғартады: біріншіден, бастапқы деңгейдегі жұмыс орындарының тапсырмалық құрылымын өзгертеді; екіншіден, түйіндеме, онлайн-профиль, портфолио және тест нәтижелері арқылы қалыптасатын алгоритмдік көрінімді күшейтеді; үшіншіден, жастардың стратегиясын дипломға ғана сүйенетін ізденістен үздіксіз оқу, AI-сауаттылық, портфолиолық дәлелдеу және дерек этикасын түсіну бағытына бұрады. Қазақстан контекстінде ресми жұмыссыздық көрсеткіштері салыстырмалы түрде тұрақты болғанымен, цифрлық делдалдық, аймақтық теңсіздік және сапалы алғашқы жұмыс орындарына қол жеткізу мәселелері сақталып отыр. Мақалада AI жастарды автоматты түрде ығыстыратын күш немесе бәріне бірдей мүмкіндік ашатын құрал ретінде емес, институционалдық реттеуге тәуелді әлеуметтік-техникалық орта ретінде түсіндіріледі. Қорытындыда университеттерге, жұмыс берушілерге және жастар саясаты институттарына арналған саясаттық ұсыныстар беріледі.

