Мақалада қазақ анимациясының цифрлық кеңістіктегі әлеуметтік қызметі және оның жастардың мәдени идентификациясын қалыптастырудағы рөлі қарастырылады.
Зерттеудің мақсаты – ұлттық анимацияның тарихи жадыны жаңғырту, мәдени құндылықтарды сақтау мен тарату, құндылықтық бағдарларды қалыптастыру және жастарды цифрлық мәдени қатысуға тарту әлеуетін мәдени-социологиялық тұрғыдан анықтау.
Зерттеудің өзектілігі цифрлық медианың жастардың дүниетанымы мен мәдени тәжірибесіне ықпалының күшеюімен және ұлттық мазмұн өндірудің маңыздылығының артуымен байланысты. Әдіснамалық негіз ретінде сапалық контент-талдау, визуалды-семиотикалық талдау және цифрлық платформалардағы аудиториялық белсенділікті бақылау әдістері қолданылды. Талдау корпусына фольклорлық, тарихи және ұлттық құндылықтық мазмұны басым қазақ анимациялық туындылары енгізілді. Нәтижелер қазақ анимациясының жастарға ықпалы үш негізгі тетік арқылы жүзеге асатынын көрсетті: ұлттық кейіпкерлермен эмоциялық сәйкестену, тілдік және визуалды мәдени кодтарды тану, сондай-ақ цифрлық ортада пікір білдіру, контентті бөлісу және қайта интерпретациялау арқылы мәдени мағына өндіруге қатысу. Сонымен қатар ұлттық мазмұнның тиімділігі тек тақырыптық ерекшеліктерге ғана емес, көркемдік сапаға, тілдің табиғилығына, дыбыстық шешімдерге, визуалды эстетикаға және платформалық тарату стратегияларына тәуелді екендігі анықталды. Мақаланың ғылыми жаңалығы қазақ анимациясын жастардың мәдени әлеуметтенуі мен цифрлық идентификациясын қалыптастыратын дербес әлеуметтік ресурс ретінде тұжырымдауында көрінеді.

