Мақалада Қытай Халық Республикасының Орталық Азия елдерімен жүргізіп отырған экономикалық дипломатиясы аймақтық ынтымақтастық, геоэкономикалық өзара тәуелділік және C5+China форматы аясында кешенді түрде талданады. Зерттеудің мақсаты – Қытайдың Орталық Азиядағы экономикалық дипломатиясының негізгі құралдарын, институционалдық тетіктерін және аймақ мемлекеттеріне тигізетін сараланған ықпалын анықтау. Зерттеудің әдіснамалық негізін салыстырмалы-институционалдық талдау, құрылымдық-функционалдық тәсіл, құжаттық деректерді мазмұндық талдау және 2013–2025 жылдар аралығындағы екінші реттік статистикалық материалдарды интерпретациялау құрайды.
Зерттеу нәтижелері Қытайдың аймақтағы экономикалық дипломатиясы төрт негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылатынын көрсетті: сауда-логистикалық байланыстылықты кеңейту, инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды дамыту, энергетикалық және ресурстық әріптестікті нығайту, сондай-ақ көпжақты институционалдық форматтарды ілгерілету. Талдау барысында Қазақстанның Қытай үшін маңызды транзиттік және индустриялық серіктес рөлін атқаратыны, Өзбекстанның өндірістік кооперацияны дамытудағы стратегиялық алаңға айналғаны, Түрікменстанның энергетикалық бағыттағы негізгі әріптес екені анықталды. Ал Қырғызстан мен Тәжікстан инфрақұрылымдық даму мен қаржыландыруға тәуелділігі жоғары мемлекеттер ретінде сипатталады. Сонымен қатар, зерттеу Қытайдың экономикалық диплома-тиясы аймақ елдерінің сыртқы экономикалық стратегияларына және өңірлік интеграциялық үдерістерге елеулі ықпал ететінін көрсетеді. Мақаланың ғылыми жаңалығы C5+China форматын тек «Бір белдеу, бір жол» бастамасының қосымша алаңы ретінде емес, Орталық Азия мемлекеттерінің келіссөздік мүмкіндіктерін күшейтетін және асимметриялық өзара тәуелділікті басқаруға мүмкіндік беретін дербес аймақтық экономикалық дипломатия механизмі ретінде қарастыруында көрінеді.

