Бұл зерттеу лудоманияны (құмар ойындарға тәуелділік) тек жеке мінез-құлықтық бұзылыс ретінде емес, әлеуметтік құрылымдармен, институционалдық жауапкершілікпен және теңсіздік жүйелерімен тығыз байланыстағы әлеуметтік тәуелділік феномені ретінде қарастырады. Біз мінез-құлықтық аддикциялардың цифрландыру және нарықтық трансформация жағдайында күшейгеніне қарамастан, құмар ойындарға тәуелділікті зерттеу саласы теориялық тұрғыдан фрагменттелген және құрылымдық теңгерімсіздікке ие деп пайымдаймыз. Соңғы жиырма жылда эмпирикалық зерттеулер саны артқанымен, жинақталған білім біртұтас пәнаралық теориялық жүйеге жеткілікті дәрежеде біріктірілмеген. Бұл жағдай биомедициналық түсіндіру шеңберінен шығып, құрылымдық-социологиялық талдауға көшу мүмкіндігін шектейді. Осыған байланысты зерттеудің мақсаты – құмар ойындарға тәуелділік бойынша ғылыми әдебиеттегі басым бағыттарды, парадигмалық ығыстарды және әдіснамалық үрдістерді анықтау, сондай-ақ тақырыптық және географиялық олқылықтарды айқындау.Зерттеу әдісі ретінде 2000–2024 жылдар аралығындағы Scopus базасында индекстелген жарияланымдарға библиометриялық талдау жүргізілді. Талдау жарияланым динамикасын, дәйексөз иерархиясын, білім өндірудің географиялық шоғырлануын және VOSviewer арқылы концептуалдық кластерлерді анықтауды қамтыды. Библиометриялық карта бұл жерде тек сипаттамалық құрал емес, ғылыми өрістегі парадигмалық кернеулерді айқындайтын аналитикалық тетік ретінде қарастырылады. Нәтижелер үш негізгі зерттеу бағдарын көрсетті: нейрокогнитивтік, клиникалық-поведенциялық және социологиялық. Дегенмен, формальды пәнаралық сипатқа қарамастан, ғылыми ықпал деңгейі биомедициналық модельдерге қарай ығысқан. Стигма, әлеуметтік капитал, институ-ционалдық жауапкершілік, реттеу саясаты сияқты социологиялық категориялар негізгі дәйексөздік дискурста шеткері қалып отыр.
Географиялық тұрғыдан ғылыми өнім негізінен жоғары табысты, ағылшын тілді мемлекет-терде шоғырланған, бұл жаһандық білім өндірудегі құрылымдық теңсіздіктерді көрсетеді. Мұндай асимметрия зерттеу нәтижелерінің әмбебаптығын шектеп, өзге мәдени контекстілердегі құмар ойын феноменін жеткілікті дәрежеде түсіндіруге мүмкіндік бермейді. Біз болашақ зерттеулерде макроәлеуметтік талдауды күшейту, институционалдық және реттеушілік фактор-ларды терең зерттеу, сондай-ақ жеткіліксіз қамтылған аймақтардағы эмпирикалық зерттеулерді кеңейту қажет деп есептейміз.

