Халықаралық білім беру көші-қоны жаһандық үдерістердің ажырамас көрінісі ретінде қабылдаушы және жіберуші елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуына жан-жақты ықпал етеді. Қабылдаушы елдерде көші-қон мәдени әралуандылық пен инновациялық әлеуеттің артуына септігін тигізсе, интеграция бойынша бірқатар мәселе туындатады. Шығу елдері үшін жастар көші-қоны қарама-қайшы әсер етеді: «ми ағымының» қаупі түлектердің елге оралуы кезіндегі «білімнің кері қайтуы» мүмкіндігімен ұштасады. Осы мақалада 2020–2024 жылдар аралығындағы көші-қон үдерістері жыныс, жас ерекшелік және шығу елдері тұрғысынан талданады. Көші-қон барысында 15–34 жас аралығындағы жастар шетелде білім алу мен жұмысқа орналасуға ұмтылатын ең мобильді когорта ретінде ерекшеленеді. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар мен үкіметаралық келісімдер аясындағы жастардың академиялық мобильділік қарқындылығы қарастырылады.
Зерттеудің эмпирикалық негізін қазақстандық жоғары сынып оқушылары арасында жүргізілген әлеуметтанулық зерттеу нәтижелері құрайды. Зерттеу мақсаты – Қазақстандағы жоғары сынып оқушыларының шетелде білім алуға деген ұмтылыстарын және білім беру траекториясын таңдауға байланысты әлеуметтік факторларды талдау. Сауалнама Қазақстанның қалалық және ауылдық мектептерінде оқитын 9–11 сыныптағы 450 оқушы арасында жүргізілді. Іріктемені қалыптастыруда мақсатты (квоталық) іріктеу әдісі қолданылды, тұрғылықты жері (қала/ауыл), білім беру ұйымының түрі, жынысы және оқу сыныбы сияқты критерийлер ескерілді.
Мәліметтерді талдау көші-қон бағдарлардың жіктелуін көрсетеді. Шетелдік жоғары оқу орындарында оқуды жоспарлаған оқушылар кәсіби мақсаттарға жету мен тілдік дағдыларды жетілдіруге бағытталған. Гендерлік ерекшелік байқалады: ер балалардың арасында кәсіби ұмтылыстар басым болса, қыздарда тұлғалық өсуге байланысты ынта айқынырақ. Шетелде оқуды жоспарламайтын жоғары сынып оқушылары оқу құнының жоғары болуын, қызығушылықтың жоқтығын және қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алуға бағдарланғанын атап өтеді. Дегенмен, бұл топтың өзінде халықаралық білім беру бағдарла-маларына әлеуетті қызығушылық байқалады. Жалпы алғанда, жастардың білім беру көші-қонын жүйелі талдау оның тәуекелдері мен әлеуетті артықшылықтарын айқындауда және жаһандық тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келетін білім беру саясатының негізін қалыптастыруда маңызды.

