Ғылыми мақалада Жамбыл облысында орналасқан Жаңатас және Қаратау моноқалаларының соңғы он жылдағы демографиялық жағдайы, халықтың өсім динамикасы, жастық-жыныстық құрылымының жалпы өзгеруіне салыстырмалы талдау жасалған. Сонымен бірге, екі қала тұрғындарының санына 2030 жылға дейін қысқа мерзімді сызықтық экстраполяция әдісімен болжам жасалды. Талдау индикаторлары ретінде жалпы туу, өлім және нәресте өлімі көрсеткіші, халықтың көші-қон айырмасы мен табиғи өсім көрсеткіштері қолданылған.
Зерттеу нәтижесі көрсеткендей соңғы он жылда Жаңатас және Қаратау қалалаларының тұрғындарының санында өзгеру тенденциялары бар, оның ішінде жалпы туу көрсеткішінің жоғары деңгейі, көші-қонның теріс ағыны және егде адамдардың көбеюі секілді трендтер анықталды. Талдау барысында анықталғандай, зерттеу кезеңі уақытында жоғарыдағы трендтер әсерінен Қаратау қаласының халық саны 2021 жылға дейін бірқалыпты өсе келе 30 501-ға дейін жеткенімен соңғы екі жылда шамамен 2 000-ға азайса, ал Жаңатас қаласының тұрғындары 2022 жылдан бастап 2500 адамға көбейген. Халық санының 2030 жылға дейінгі болжамын жасау барысында Қаратау қаласының тұрғындар саны 28 692, ал Жаңатас қаласының халқы 28 179 адамға өсуі мүмкін екені анықталды. Зерттеу нәтижесі ҚР моно және шағын қалаларының демаографиялық жағдайын жоспарлауда және арнайы мемлекеттік бағдарламалар дайындау кезінде пайдаланылуы мүмкін.