Мақалада Қазақстан Республикасының діни кеңістігіндегі тенденциялардың дінді тұтынушы жастардың әлеуметтенуіне тигізетін әсері және оның әрі қарай дамуындағы мәселелер тізбегі анықталды. Атап айтқанда, елдегі діни саясатты реттеуші заңнамалар әлеуметтанулық контекстте қарастырылып, заң нормалары арқылы қалыптасқан идеология мен жастардың рухани образы арасындағы байланыстар әлеуметтік процестердің құрамдас бөлігі ретінде пайымдалды. Зерттеу барысында Қазақстандағы діни саясаттың эволюциясы, діни радикализация процестері және жастардың діни тәжірибелерінің әлеуметтік әсерлері талданады. Сондай-ақ, бүгінгі діни құндылықтарды тұтынушы жастардың әлеуметтенуіндегі проблемалар Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің алғашқы екі онжылдығындағы діни алаңдағы ахуалдың нәтижесі тұрғысынан талданды. Аталған уақыт аралығында жастардың діни ұстанымының әркелкіленуін арнайы сыныптап, сиптаттама берілді. Бұл олардағы әлеметтену процесінің неліктен баяу жүріп жатқандығын, жастардың маргинализациялауға ұшырау нүктелерін анықтауға көмектесті. Сонымен қатар, әлеуметтену процестерінің негізгі нүктелері айқындалып, социализация процестерінің келешектегі даму траекториясының сұлбасын анықтауға қадам жасалды және одан мемлекет пен қоғамға келер қатерлер болжанды.
Авторлар діндар жастардың әлеуметтік интеграциясын жеңілдету үшін мемлекеттік және жеке сектордың бірлескен іс-қимылдарын ұсынады. Нәтижесінде, діни құндылықтар мен зайырлы нормалар арасындағы тепе-теңдікті сақтау қоғамдық үйлесімділік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады деген қорытынды жасалады.

