Аңдатпа
Посткеңестік елдерде, оның ішінде Қазақстанда да білім беру саласындағы теңсіздік күшейіп келе жатқан жағдайда отбасы баланың академиялық траекториясын айқындайтын негізгі факторлардың бірі болып қалуда. Бұл зерттеу ата-аналардың отбасылық дәстүрлері, тәрбиелеу ұстанымдары мен әлеуметтік-экономикалық жағдайлары балалардың білім жетістіктеріне қа-лайша оң немесе теріс әсер етуі мүмкін екенін талдауға бағытталған. Зерттеу әдіснамасы аралас тәсілді қамтиды: бір жағынан, әртүрлі аймақтардан, елді мекен түрлерінен және әлеуметтік топтардан шыққан тоғыз ата-анамен жартылай құрылымдалған сұхбаттар жүргізілді; екінші жағынан, Алматы қаласындағы мектеп оқушыларының 132 ата-анасына сауалнама жүргізіліп, анықталған заңдылықтарды сандық түрде нақтылау мен толықтыру қамтамасыз етілді. Ерекше назар мәдени құрамдастарға отбасындағы гендерлік рөлдерге, білімге құндылық ретінде көз-қарасқа, ата-аналық мотивация түрлеріне және мектеппен өзара әрекет стратегияларына ауда-рылды. Зерттеу нәтижелері отбасылардың баланың білім беру жолында бір мезгілде ресурс та, кедергі де бола алатынын көрсетті. Бұл ықпалдың сипатын айқындайтын негізгі факторлар: отбасының табыс деңгейі, мектеп түрі, ата-аналардың білімге қатысты мәдени ұстанымдары, сондай-ақ ішкі мотивациясы мен жаңа жағдайларға бейімделуге дайындығы. Ұзақ мерзімді білімге инвестиция жасауға бағытталған отбасылар мен күнкөрістің ағымдағы стратегиясымен шектелген отбасылар арасындағы айырмашы-лықтар ерекше айқын көрінеді. Мақала білім беру саясатына тек материалдық ресурстарды емес, сонымен қатар мәдени үлгілерді, тәрбиелік тәжірибелер мен ата-аналық қатысудың гендерлік аспектілерін ескеретін кешенді көзқарастың қажеттілігін атап көрсетеді. Зерттеудің практикалық маңызы – оның нәтижелерін ата-аналарды оқыту, мектептік сүйемелдеу, осал отбасыларға мақсатты қолдау және Қазақстандағы әлеуметтік-білім беру алшақтығын азайтуға бағытталған бастамаларды әзірлеу барысында пайдалану мүмкіндігінде.

