Бұл зерттеу тұрақты даму дискурсының саяси-идеологиялық құрылымын және осы кеңістікте мәдениет пен өнердің атқаратын гегемониялық функцияларын сыни тұрғыдан талдауға бағытталған. Көркемдік тәжірибелер әлеуметтік трансформацияның әлеуетті алаңы ретінде қарастырылғанымен, олардың институционалдық орны көбіне тұтынуға негізделген креативті экономика логикасына тәуелді болып отыр. Аталған үдеріс мәдени бейімделу ретін-де емес, мәдени мағыналардың құрылымдық қайта кодталуы ретінде түсіндіріледі. Нәтиже-сінде мәдениет «нарықтық құндылық», «инновация» және «бәсекеге қабілеттілік» категория-лары арқылы қайта айқындалып, экономикалық өсімнің легитимациялық ресурсына айналады.
Эмпирикалық негіз ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 2021 жылды «Тұрақты даму үшін креативті экономиканың халықаралық жылы» деп жариялаған резолю-циясына жүргізілген риторикалық-дискурсивтік талдау алынды. Зерттеу нәтижелері тұрақты даму дискурсының үш өзара байланысты идеологиялық механизм арқылы қалыптасатынын көрсетеді: антропоцентризм, өсуге бағдарланған экономикалық детерминизм және әдіснама-лық ұлтшылдық. Бұл механизмдер өзара ықпалдаса отырып, «тұрақтылық» ұғымын экономо-центриялық және ұлттық мүдделер шеңберінде бекітетін гегемониялық құрылым түзеді.
Сонымен қатар, құжатта тұрақты даму жария түрде қолдау тапқанымен, оның тілдік-ұғымдық құрылымы экологиялық қайта бағдарды шектейді және планетарлық әл-ауқат талаптарымен толық үйлеспейді. Осы контексте мәдениет пен өнер тек символдық ресурс қана емес, сонымен қатар саяси легитимация құралы ретінде қарастырылады. Зерттеу мәдениет пен табиғатты өзара байланысқан тұтас жүйе ретінде қайта пайымдауға негізделген «планетарлық мәдени саясат» тұжырымдамасын балама теориялық-саяси бағдар ретінде ұсынады.

